
Адамдық эталоны
29.07.2019Көкірегіне сәуле болып құйылған ата-ана тәрбиесі Сұлтан Есімұлының рухани ішкі жан-дүниесінің байлығы мен шуақты болмысының іргетасын қалағанын ең алдымен айту парыз. Дәл осы әке қанымен, ана сүтімен келген тектілік жас жігіттің ғұмырлық ұстанымын қалыптастырды. Сұлтанның тек ата-анасының баласы емес, ұлттың ұлына айналуына қаланған негіз болды. Өмірдің қат-қабат тірлігінде Сұлтан Есімұлының бойындағы осы бір бекзат қасиет жылдан жылға маздап жанды. Қайратына қуат қосты. Осылайша қазақтың намысын оятатын, қазақтың мүддесін қорғайтын, ел еңсесін көтеретін, ақиқат таразысында жасаған талай игі істері оны шын мәнінде биікке көтерді, қайраткерлік деңгейге қаймықпай қосылуының алғышарты болды.
Қазақта «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» дейтін әдемі бір теңеу бар. Таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын алабөтен құбылыс осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс бітімін көрсететін өлшемді де осы сөз тіркесімен әспеттеп жатамыз. Шыны сол, Сұлтанның жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы жігіт. Оның басқаларды өзіне ерекше тартатыны – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған көңіл гравитациясы атты құдіретті күштің қонақтай алғаны.
Сұлтан Есімұлының өмір жолына назар аударсам, ілкі сәтте осындай ойға қалатыным рас. Тағдырын айналасындағы адамдарға қуаныш пен шаттық сыйлауға арнаған кісі өмір айдынында өзінше із тастап, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, көпшіліктің көзайымына айналып жататыны да – жылы құбылыс. Біреуі тасқын судай екпінді, біреуі есіліп аққан Есілдің өзеніндей болып салмақпен келетін кәсіподақ лидерлерінің қалайда халықтың тамыр соғысын тап басатын шолғыншыдай атқа қонатыны – ақиқат іс. Солардың ішінде Сұлтан Есімұлының есімі ерекше аталатыны тағы рас.
Сұлтан Қалиев – шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде өзіндік қасиетімен ерекшеленген тұлға. Ол Абайша айтқанда, «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деп, тіршілікте кездесетін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей өзінің кәсіподақ жұмысының бастауында бұрын-соңды басқалар салмаған тың жолымен келді. «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» деп отырғанымыз сол. Оның соңғы бес-алты жылда атқарған ұланғайыр істері осы сөзімізге дәлел.
Негізі Сұлтан Есімұлы әлеуметтік жүкті қара нардай көтеретін соқталы дүниелермен айналысатын аптал азамат екенін айтпай кетсек – арымызға сын. Кәсіподақ басшысының әділетсіздік пен парықсыздыққа деген қарсылығы оның адами ішкі жан-дүниесімен арпалыса астасып көрініс береді. Кез келген ісінде. Тағы бір назар аударарлығы – оның кестелі көркем тілмен, халықтық болмыс бояуымен ерекшеленетін шешендігі жаңағы әлеуметтік жүктің ауқымын, танымдық мұратын одан сайын ұлғайта түсетіні де жүректі дір еткізіп өтетіні бар.
Қай іске де бел шешіп кірісіп кететін Сұлтан Есімұлының қайсарлығы мен табандылығына қоса тағы да таптыра бермейтін екі қасиетіне де қайран қаласыз. Төменнен салсаң төске озған, қыраттан салсаң қияға өрлеген шалымдылығы мен күмбез көктің, қараңғы тұңғиықтың жымыңдаған «шамдарын» санаған жұлдызшыдай алғырлығын айтпай тағы отыра алмайсың.
Сұлтан Есімұлы – талантты басшы, пайымы мол азамат, іскер тұлға. Көргені мен түйгені мол азамат. Кешегі кеңестік өмірді де, өтпелі кезеңді де, тәуелсіз еліміздің қалыптасуын да зерделеген азамат. 1981 жылы Фрунзе политехникалық институтының сәулет-құрылыс факультетін инженер-құрылысшы, 2003 жылы Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығымен бітірген Сұлтан Қалиев көптеген ғылыми мақалалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының авторы да. Еңбек жолын Қырғыз КСР-і Ыстықкөл облысының Пржевальск қаласындағы «Иссыккульоблмежколхозстрой» бірлестігі өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып бастаған ол 1983-1992 жылдары Қазақстан ЛЖКО Красногор аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы; Қазақстан ЛЖКО Жамбыл облыстық комитетінің насихаттау бөлімінің, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы, бірінші хатшысы; Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
1992-1996 жылдар аралығында «Қазақстандағы азаматтық бейбітшілік» қауымдастығында, ҚР Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігінде, ҚР Білім министрлігінің дене тәрбиесі жөніндегі басқармасында, «Денсаулық және спорт» республикалық қорында, Алматы қаласында өнеркәсіп-қаржылық корпорациясында басшылық буындарда жұмыс жасады. Бұл тұста да ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көрінгенін көп адам ұмыта қойған жоқ.
1996 жылдың қаңтарында Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезінде облыстың әлеуметтік мәселелерін табандылықпен шеше білгенін қазір көп жерлестері мақтанышпен айтып жүр. 1997 жылы Сұлтан Есімұлының тікелей қолдаумен Жамбыл қаласы өзінің тарихи Тараз атауына қайта ие болғанын да – ол атқарған халықтық істің біреуі ғана.
С. Қалиев 2002 жылдың мамырынан 2013 жылдың желтоқсанына дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ жүйесінде жұмыс істеді. Менеджер қызметінен бастап департамент директорының орынбасарына дейін көтерілді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да менеджер, аға менеджер, жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары, әкімшілік департаменті директорының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Азия газ құбыры» ЖШС бірлескен қазақстандық-қытай кәсіпорынның Астана қаласындағы өкілдігінің директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да әлеуметтік саясат және жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары, адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу департаменті директорының орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Бұл қызметтерде де Сұлтан Есімұлының атқарған жақсы істерін толық тізіп шығу мүмкін емес.
С.Е.Қалиев көп жылғы және мінсіз қызметі, жоғары ұйымдастырушылық және басқару қабілеттері, кәсіби шеберлік дағдыларының арқасында кәсіподақ қозғалысының дамуы мен жаңғыруына, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әлеуметтік серіктестік жүйесінің нығаюы мен өркендеуіне елеулі үлес қосты. С.Е. Қалиевтің бастамасы бойынша Республиканың кәсіподақтары тарихында алғаш рет 2017-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай химиясы салаларындағы әлеуметтік серіктестік туралы салалық келісімге еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетігін анықтайтын жеке бөлім енгізілді.
Дей тұра, қырық жылға жуық қызметінде өз өрнегін қалдырып, соңғы жылдары кәсіподақ қозғалысының дамуына бір кісідей үлес қосып келе жатқан Сұлтан Есімұлы қашанда ізденісінен жаңылған емес. Қайда барса да жаңашылдықтың ұрығын егіп жүргені. Әлі ширақ. Бойы да. Ойы да. Сол баяғы жас кезіндегідей белсенді. Жанып тұрады. Айналасын жандырып жүреді. Ішіндегісін бүкпесіз жайып салатын, көзқарасын күлбілтелемей ашық айтатын қалпынан еш айнымаған. Ол – 2015 жылдың маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Бас кеңесі мен Атқару комитетінің мүшесі. 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамына кіреді, сонымен бірге әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссияның және мұнай-газ саласында әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның мүшесі болып табылады.
Өмір шіркін шапқан аттай зуылдап алға жылжып барады. Кешегі комсомолдың аудандық комитетінде талай жалынды істерімен қатарласының алдына шыға білген жалындаған жас Сұлтан бұл күндері сақа саясаткерге айналған, қазақ тред-юнионының қара нарындай әр істе де қажырлы, байсалды, толымды шаруаларымен елең еткізеді. Тәуелсіздіктің жемісін, халқымыздың жеңісін паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің керуеніндегі орнын, мерейі өскен қазақтың шаттығы мен қуанышын баянды ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген салиқалы басшыға тәнті боласыз. Оның қазіргі тыныс-тіршілігіне үңілсеңіз, Сұлтан Есімұлының ендігі мақсат-мұратын да жазбай танисыз. Ол – жаңа Қазақстанның әр қадамын, әр биігін, әр белесін жүрегінен өткізіп, зерделі ойдың тұнығымен әрлендіріп, адамдардың бойына Отанымызды, туған жерді қастерлеу, аялау сезімдерін сіңіретін соны ізденістері мен талпыныстары. Бұған мұнайлы өлкенің қажымас майталмандары да, қасында жүрген қанаттас әріптестері де қапысыз сенетіні сөзсіз. Өйткені, Сұлтан Есімұлының кеудесінде жанартаудай бұғып жатқан кесек-кесек ойлардың алғышартындай көрінетін оның кәсіподақ өмірін бұрынғыдан да нұрландыра түсетін тың идеялары оның алдағы уақытта да биік белестен көріне беретініне деген үкілі үмітімді үрлей түсті.
Мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Есімұлының қазіргі қызметі туралы кеңірек айтқанымыз жөн деп ойлаймын. Өйткені, ол – осы істің бастауында тұрған азамат. 2013 жылдың аяғына қарай «ҚазМұнайгаз» компаниялары тобында әлеуметтік әріптестікті нығайту, кәсіподақ ұйымдарын топтастыру мен олардың қызметін үйлестіру мақсатында біртұтас салалық кәсіподақ құрылды. Осылайша мұнай-газ холдингінің құрылымдық бөлімшелерінің көптеген тред-юниондары бір ұйымға біріктірілді.
Біріктірілді деу – айтуға ғана оңай. Салалық кәсіподақ өзінен өзі құрыла салған жоқ. Оның тууы мен қалыптасуына, аяғынан тік тұрып кетуіне көптеген бизнес құрылымдардың басшылары, қазақ мұнайының ардагері, мемлекеттік қайраткер, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының сол кездегі Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев ерекше үлес қосты. Сонымен қатар мұнай саласының және кәсіподақ ардагерлері Санатбай Масатов, Қосан Тасқынбаев, Ғабдрахим Жаңбырбаев, Сергей Алпатанов, Талғат Айдынов, Тарғын Мысамбаев, Бердібек Құатбай бірлестіктің бастауында тұрып, оның қалыптасуына көп еңбек сіңіргенін бүгін мақтанышпен айтуға болады. Олардың талай жылғы тәжірибесі мен ерік-жігері бірлестіктің аз ғана уақыттың ішінде өз жұмысын жан жақты жүргізіп кетуіне зор ықпалын жасады. Дей тұра, осындай ірі кәсіподақтық құрылымның құрылуы мен қалыптасуының заңғар бастауында Сұлтан Есімұлының ұланғайыр еңбегі барын ешкім жоққа шығара алмайды.
Ұйымдастыру мәселелері өзіне тапсырылған уақытта Сұлтан Есімұлы күн-түн демей осы істің басында жүргенін әлі көп адам ұмыта қойған жоқ. Әрине, компанияның барлық еншілес және тәуелді ұйымдарында бұрында да кәсіподақтар жұмыс істеген. Дегенмен, олар өз ұжымдарындағы оқшау мәселелермен ғана айналысты. Оның үстіне, олардың іс-қимылы бытыраңқы болды және оларды ешкім үйлестірмеді. Сондықтан да осы шағын кәсіподақтарды орталығы Астанада болатын бір ортақ ұйымға біріктіру туралы шешім қабылданды. Осы шешімді жүзеге асыруда Сұлтан Есімұлы табандылық танытты. Ата-бабаларымыздан қалған тамаша бір сөз бар. «Үй үстіне үй тіксең, онан да жылы болады» дейді. Ең бастысы, Сұлтан Есімұлы шашырап жатқан оқшау ұйымдардың лидерлерін аталарымыз айтып кеткен аталы сөздің мәні мен маңызына иландыра білді. Дәл осы тұста оның ұтқыр ұйымдастырушылық таланты жарқырай көрінді.
Қызметкерлер мен жұмысшылардың әлеуметтік мүддесін қорғайтын бір-бір кәсіподақ ұйымын басқарып келген жетекшілердің басын жоғары тұратын ұйымға қосу әрине, психологиялық тұрғыдан да, адами тұрғыдан да қиын еді. Әрине, олар да өз жұмыстарында табандылық танытып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына кеңінен жол ашып жүргені белгілі болатын. Алайда, жеке-жеке жүріп жол табу – бір басқа. Бірігіп жүріп, бір жаңадан бас, бір жеңнен қол шығарған – бір басқа. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы өндірістік тұрғыдан қатысатын барлық өңірлерде оның бөлімшелері қызметкерлерінің мұқтаждарын ескере отырып, компанияның басшылығы үшін бірыңғай ұсынымдар әзірлеуге жол ашу керектігіне Сұлтан Есімұлы өзінің болашақ әріптестерін сендіре білді. Осы тұста да оның көшбасшылық қасиеті көп көмекке келді. Қызметкерлерді қалайша жақсы көтермелеуге болады? Оларға бірінші кезекте қандай игіліктер қажет? Еңбекшілер қандай іс-шараларды өткізгісі келеді? Оларды қандай мәселелер толғандырады? Олар ҚМГ-да әлеуметтік саланың одан әрі дамуын қалайша елестетеді? Осы және басқа да сұрақтарға біртұтас кәсіподақ жауап беретін болса, ортақ істің алға қарай жылжи түсетініне Сұлтан Есімұлы басқалардың көзін жеткізе білді. Бір айта кетерлік жайт, Сұлтан Есімұлы бұл ортақ істе қысым көрсетуге барған жоқ, қайта керісінше басқаларды жаңа істің болашақта үлкен нәтижелерге жетуге жол ашатынына сендіре білді.
Қазіргі таңда біздің қоғамымызда «Әлеуметтік серіктестік» деген ұғым пайда болғаны белгілі. Бұл бекерден бекер емес. Өйткені, әлеуметтік жауапкершілікті әлеуметтік серіктестіксіз шешу барған сайын қиындап бара жатқанын бізге өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Кез келген мәселені бірігіп отырып шешу ғана тығырықтан шығарады. «Бір бастан екі бас артық» екенін мына құндылықтар девальвацияға ұшырап жатқан қиын кезде кәсіподақ лидерлері жете түсіне бастады.
Салалық кәсіподақ құрылғаннан кейін өткізілген «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс съезінде де осындай келелі мәселелер кеңінен сөз болды. «ҚазМұнайгаз» компаниялар тобының мұнай және газды барлаумен, өндірумен, тасымалдаумен, мұнайды қайта өңдеумен айналысатын, сондай-ақ сервис секторында жұмыс істейтін кәсіпорындарынан келген делегаттар «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасы «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заңының нормаларын жүзеге асыру жөніндегі өзекті міндеттері туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Осы тақырыпта баяндама жасаған «Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев күн тәртібінің шешуші мәселесі – кәсіподақтардың сапалық мәртебесі мен рөлін өзгертуге ерекше тоқталды. Жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының өкілдері әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды екенін жақсы түсінеді, сондықтан да өркениетті серіктестікке мүдделі болып отырғанын қадап айтты.
«Біз өз қызметімізде ҚМГ жүйесіндегі әлеуметтік әріптестікті ілгері бастыруға жәрдемдесу секілді басымдықты белгіледік. Компаниялар тобы басшылығының корпоративтік жауапкершілік мәселелері бойынша мемлекеттік органдар өкілдерімен келіссөздері, сондай-ақ әртүрлі тиісті келісімдерге қол қою салалық кәсіподақтың рөлі мен маңызын көтеру үшін біздің өкілдеріміздің қатысуымен өткізілуге тиіс. Біздің міндетіміз – кәсіпорындарда тікелей жұмыс істеп жүрген әріптестерімізге біртұтас кәсіподақтың айқын артықшылықтарын дәлелдеу» деп астын сызып атап көрсеткен Сұлтан Есімұлы өз позициясын айқын жеткізген еді.
Съезде салалық кәсіподақтың жұмысын бір жүйеге келтіру, маңызды жұмыс аспектілеріне баса назар аудару қажеттілігі, сондай-ақ жаңа кәсіподақ ұйымының ұйымдық құрылуы және оның оң имиджінің қалыптасуы кезеңінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қызметінің басым бағыттарын айқындап алған салалық кәсіподақ нақты істермен айналыса бастаған еді. Салалық Кәсіподақ холдинг кәсіпорындары мен ұйымдары кәсіподақтарының әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайту және дамыту әрі олардың жарғылық қызметінің тиімділігін арттыру бойынша күш-жігерін шоғырландырып, іс-әрекетін үйлестіруге арналған корпоративтік құрылым деңгейіне көтерілді. Дәл қазір 50 мыңға жуық мүшесі бар мұнайгаз секторының 39 жергілікті кәсіподағының басын біріктіріп отырған «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі еліміздің энергетикалық саласының арасында толыққанды әлеуметтік серіктес мәртебесіне ие болып үлгерді. Олардың мақсаты — «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы, жалпы мұнайгаз саласы жұмысшыларының әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға қабілетті, іс жүзінде беделді, жасампаз, бірегей және пәрменді салалық кәсіподақ бірлестігін қалыптастыру және оны одан әрі дамыту. Әрбір қарапайым жұмысшының еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік әріптестікті дамыту, өндірістің тұрақтылығын сақтау мен тиянақты дамуын қамтамасыз ету дәл осы салиқалы ұйымның басты міндеті болып табылады.
Осылайша нарық жағдайында салалық кәсіподақтың рөлі айтарлықтай артты және оны еңбек пен капиталдың екі тарапы да түсіне бастады. Кәсіподақ қозғалысы бүкіл елмен бірге жаңғыру жолына түсті. «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заң кәсіподақтардың еліміздегі елеулі рөлін барынша күшейте түсті. Ол кәсіптік одақтардың формализм мен төрешілдіктен арылуына, еңбек адамының мүддесін кәсіби тұрғыдан қорғауына жол ашты.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «кәсіподақтар мәселе шиеленіске ұласпай тұрған бастапқы кезеңде еңбек дауларын шешуге нәтижелі түрде атсалысуы керек». Бұл ережені Салалық кәсіподақ белсенді түрде іске асыруда. Сондықтан да «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ-мен арада «Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу саласында өзара іс-қимыл туралы» корпоративтік келісімге қол қойылды. Онда еңбек дауларын қараудың, оның ішінде «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ-ның Әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу жөніндегі кеңесінің алаңында қарау мүмкіндігі әрбір қадам бойынша қарастырылған. Түсінікті тілмен айтқанда, кәсіпорын деңгейінде шешілмейтін мәселені Салалық кәсіподақ мамандарының қатысуымен Кеңес деңгейіне шығаруға болады.
Салалық кәсіподақ ең алдымен әлеуметтік кикілжіңдердің орын алмауына, еңбек ұжымдары мен әкімшіліктер арасындағы ашық текетіреске жол бермеуге күш салып келеді. Салалық кәсіподақ мезгіл-мезгіл әлеуметтік келіспеушіліктер мен еңбек қайшылықтарын тудыратын тәуекелдерге мониторинг жасап отырады. Атап айтқанда, кәсіпорындар басшылығының жұмысшыларға еңбекақы мен басқа да төлемдер төлеу мерзімінің бұзылуы туралы ақпаратқа дәл уақытында назар аударылуын қадағалайды. Нақты мысал: жұмыс берушілермен сауатты, дәлелді ұжымдық келісімдер жүргізіп, Салалық кәсіподақпен ықпалдаса жұмыс істеу «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы жергілікті кәсіподағына мыңдаған мүшесі бар ұжым мүддесін қорғап шығуға мүмкіндік берді. Кәсіподақтың бірнеше мәрте араласуына қарамастан жұмыс беруші ұжымдық келісімшарт бойынша жұмысшылардың еңбекақысын көтеру туралы міндеттемесін орындаудан бас тартты. Тек Салалық кәсіподақтың шетелдік жұмыс берушіге заң талаптарын түсіндіруі негізінде «Маңғыстаумұнайгаз» директорлар кеңесі жұмысшылардың тарифтік стафкалары мен лауазымдық жалақыларын көтеру туралы шешім қабылдады. Мұның өзі ұжымда қарсылық көрсету ахуалының тігісін жатқызды.
Салалық және жергілікті кәсіподақтар бірлесе отырып, «ҚазТрансОйл», «Каспийбитум», «ҚазМұнайГаз Өнімдері», «ҚазақОйл Ақтөбе», «ҚазГерМұнай», «Карашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «ПетроҚазақстан Құмколь Ресорсиз» компаниялары басшылығымен ұжымдық келісімшарттың өзекті позициялары бойынша екіжақты оңтайлы шешімге қол жеткізді. Сөйтіп, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдігін айтарлықтай жақсартқан ұжымдық келісімшартқа қол қоюға негіз болды.
Салалық кәсіподақтың мүше ұйымдармен конструктивті әрекет етуі нәтижесінде бірде бір еңбек қайшылығы, еңбекақыны уақытында төлемеу жағдайы болған жоқ. Бұл әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және алдын алу, ұжымдық еңбек қайшылықтары мен келіспеушіліктеріне жол бермеу жөніндегі мақсатты жұмыстардың кейбір аспектілері ғана.
Салалық кәсіподақтың әртүрлі консультативтік-кеңесші құрылымдарға, осы ұйымдар жанындағы қоғамдық кеңестер құрамына кіретінін, сондай-ақ олардың жанындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссиялардың қатысушысы болып табылатынын ескерсек, олар жұмысшылардың көкейтесті мәселелерін «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ, «KAZENERGY» қауымдастығымен және ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы деңгейінде көтереді және шеше алады. Бұл – салалық кәсіподақ қол жеткізген үлкен жеңіс.
Сонымен бірге, Сұлтан Есімұлы кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру және оларды оқытуға көп көңіл бөледі. Өйткені, өз құқығын жақсы білетін кәсіподақ жетекшілері істі оңға сүйрей алады. Осы орайда қоғамдық бірлестік тәжірибе алмасу мақсатында Израиль, Германия, Ресей, Қытай тред-юниондарында болып, халықаралық мол тәжірибе жинақтап қайтты. Сұлтан Есімұлы ҚРКФ Оқу Орталығының жетекші мамандарын тарта отырып «Кәсіподақ лидерлеріне арналған келіссөздер мен медиация» деген тақырыпта семинар өткізуге мұрындық болды. Сонымен қатар медиация, ұжымдық келіссөздерді жүргізу, органайзинг және кәсіподаққа кіру мотивациясы, «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заңының негізгі нормалары туралы тақырыптарға арналған оқу курстарынан ҚМГ жүйесіндегі кәсіпорындар кәсіподақтарының 225 өкілі өтті. Төрт адам Москвадағы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының кәсіподақтар қозғалысы институтында көпұлтты компанияларда әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша 73 сағаттық курстан өтті. Ақсай, Атырау, Ақтау, Астана, Қызылорда қалаларында орталық және жергілікті сайланбалы органдарының мүшелерінің, филиалдар мен бастауыш ұйымның жетекшілерінің қатысуымен кәсіподақ қызметін модернизациялау жөнінде семинар-тренинг өткізілді. Ерекше атап өтетін жәйт, сайланбалы органдар және бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелері үшін 2017-19 жылдарға арналған жаңа салалық келісімшарт ережелерін түсіндіру және нақты жүзеге асыру бойынша арнайы семинар-тренинг өткізілгені де – салалық кәсіподақ бірлестігінің жарқын істерінің бірі.
Мұнай-газ саласындағы ірі шетелдік және трансұлттық компаниялар өз қызметін кеңейту үстінде. Осыған байланысты Салалық кәсіподақ оларда жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын, оның ішінде жұмыс уақытының ұзақтығы және еңбекке ақы төлеудегі теңдік мәселелерін шешудегі құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді.
Осының барлығы Салалық кәсіподақ моделінің болуы қажет екенін дәлелдеп шықты. Бұл барлық деңгейлердегі мәселелерді және қызметкерлердің өмір сүру сапасы мәселелерін зерделеуге, жинақтауға, оларды бір жүйеге түсіріп, талдауға, іс-қимыл стратегиясын бірлесіп әзірлеу үшін кәсіпорындардың әкімшілігімен және «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ басшылығымен талқылауға шығаруға мүмкіндік берді. Бұл шын мәнінде Сұлтан Есімұлының ең үлкен жеңісі еді.
Сұлтан Қалиев осы жылдар ішінде салалық кәсіподақтың қызметі мемлекеттік органдармен және жұмыс берушімен тиімді әлеуметтік сұхбат пен әріптестік жүргізу қағидаттарына негізделген бірыңғай саясатты тиімді түрде іске асыруға мүмкіндік беретінін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Бұған қоса, Сұлтан Есімұлы – кәсіподақ қозғалысындағы вертикалды байланыс ұлттық, салалық, өңірлік деңгейде де мәселені төменгі деңгейге дейін жеткізуді, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіподақ ұйымдарының басшы органдарымен кері байланысын қамтамасыз етуге қол жеткізе білген білікті жетекші.
Сұлтан Есімұлының қасында жиі жүремін. Одан үйренетін нәрсе жетеді. Пайдалы коэффиценті көп адам. Қай жағынан алсаң да пассионерлік қасиеті көзге ұрып тұрады. Біріншіден, өз ісіне деген пассионерлігі. Қолға алған кез-келген ісін мұқият атқармай көңілі жайлана қоймайды. Бұрында да солай болған. Қазірде де солай. Тыным көрмейді. Қолды-аяққа тұрмайтын қағылез. Астанадағы толып жатқан жұмысына нұқсан келтірместен бір айдың ішінде бірнеше облысқа іс-сапармен шығып келуге де үлгеретінін қайтерсіз. Мамандыққа деген махаббат құдіреті осы болар.
Екіншіден, өмірге деген пассионерлігі. Ол биыл алпыс жасқа толды. Бірақ, тың. Бойын тік ұстап жүретіндігін былай қойғанда, ешқашан консерватизмге берілмейтіндігімен тәнті етеді. Өткенін айтып мақтанбайды. Қазіргі күнгі тіршілігімен сені өзіне бағындырғысы келіп тұрады. Бұрынғы жинаған ұпайларымен мысыңды баса беретін кісілердің бойынан мүлдем кездестіре алмайтын керемет қасиет.
Үшіншіден, айналасындағы адамдарға деген пассионерлігі. Онысы өзінің туа біткен төл қасиетіндей көрінетін қарапайымдылығынан анық байқалады.
Алайда, бұлардың барлығы – біз білмейтін көп адамдарда да ұшыраса беретін жалпыадамзаттық құндылықтар.
Ал, енді оның бойындағы төртінші құштарлық біздің қоғамда өте сирек кездеседі. Бұл қазақ біткеннің бойына кездейсоқ құйыла кететін қасиет деп айта салу мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен рух ірілігі керек. Одан қалды, азаматтық мәдениет керек. Сонда ғана ұлты мен адамзатқа деген пассионерлік бойға бітеді. Әрине, бұл дәрежеге жету өте қиын. Сұлтан Есімұлы осынысымен құнды. Осындай жанды «Адамдықтың эталоны» деп ұялмай айтуға болады.
Иә, өміріңнің көп бөлігінде бірге келе жатқан азаматты осы заңғар биігінен көріп, оның аталы сөз айтатын алпыс жасында қолыңа қуаныштан қалам алатының да – көпті мойындатқан досыңа деген құрметің.
Шархан НАҒЫМЕТҰЛЫ,
публицист.